ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИОЛОГИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІ ҚОСПАЛАР ӨНДІРЕТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында өндіріс пен фармацевтика саласын дамытуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған ірі әрі ауқымды инвестициялық жоба қолға алынды. Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында «Orzax Central Asia» ЖШС-нің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауытының іргетасы қаланып, салтанатты түрде уақыт капсуласы салынды.

Маңызды шара барысында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы шикізаттық модельден арылтып, импортты алмастыратын өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмаларын өңірде жүйелі түрде жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Облыста мақта-тоқыма, ет, жүгері және жиһаз кластерлері дамытылып, жаңа өндіріс орындары ашылып жатқанын айтқан өңір басшысы импортты алмастыруға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесінде бұған дейін 176 миллиард теңгені құрайтын 31 жоба іске қосылғанын, ал биыл 280 миллиард теңге болатын 39 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Өңірде жүргізілген нарықтық талдау нәтижесінде Түркістан облысында фармацевтикалық өнімдерді тұтыну нарығының 100 миллиард теңгеге жуығы әлі де импортқа тәуелді екені анықталған. Осы мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысының Түркия Республикасына жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің арқасында бүгінгі осындай маңызды өндірістің іргетасы қаланып отыр. Әкім бұл қадам елдің импортқа тәуелділігін айтарлықтай азайтып, өңір экономикасын нығайтумен қатар, халықтың денсаулығына қажетті өнімдерді өзімізде өндіру арқылы ұлттық қауіпсіздіктің маңызды кепіліне айналатынын айрықша атап өтті. Жоба толық іске қосылған кезде 500-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтып, компания басшылығына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде «Orzax Central Asia» ЖШС құрылтайшысы Алимоглу Селман Қазақстанда, соның ішінде Түркістан облысында инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсеткен Қазақстан үкіметіне және өңір басшылығына шынайы ризашылығын білдірді. Зауыт құрылысы белгіленген мерзімде сапалы аяқталатынын жеткізген кәсіпкер Түркістанның тарихи маңызына тоқталып, бұл жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті. Салтанатты рәсімнен кейін көпшілік зауыттың капсуласын салу сәтіне куә болды.

Аталмыш ауқымды жоба үшін Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақтан 10 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы инвестициялық құны 20,4 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдар аралығында қарқынды жүргізіледі деп жоспарланған. Зауыт толық қуатында жұмыс істей бастағаннан кейін жылына 464 миллион дана биологиялық белсенді қоспа өндіріп, 500 адамды тұрақты жұмыс орнымен және жоғары жалақымен қамтамасыз ететін болады.

Айта кетейік, бұл жобаны жүзеге асырып жатқан «Orzax Central Asia» ЖШС-нің негізгі құрылтайшысы – Түркия мемлекетіндегі биологиялық белсенді қоспалар өндірісі саласы бойынша көшбасшылардың бірі саналатын әйгілі «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc» корпорациясы. Бұл халықаралық деңгейдегі корпорация бүгінгі таңда әлемнің 50-ден астам еліне 150-ден астам жоғары сапалы өнім түрін сәтті экспорттап отыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар