Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы қоғамның әр саласында, соның ішінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де басты бағдарға айналып отыр. Қазіргі таңда жол қозғалысының мәдениетін көтеру және оқыс оқиғалардың алдын алу – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы орайда, 3-5 тамыз аралығында Түркістан облысы, соның ішінде Мақтаарал ауданы аумағында «Мотокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізілуде.
Соңғы уақытта мопед пен мотоцикл тізгіндеген жүргізушілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуі алаңдаушылық тудырады. Жылдамдықты асыру, қорғаныш құралдарын елемеу және жол ережесін өрескел бұзу салдарынан адам өміріне қауіп төніп жатыр. Сондықтан тәртіп сақшылары барлық мотокөлік иелерін жол ережесін қатаң сақтауға, арнайы қорғаныш шлемін киюге және көлік құралын заң талаптарына сай басқаруға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – тек заң талабы ғана емес, ол әрбір азаматтың өз өмірі мен өзгелердің тағдыры алдындағы үлкен жауапкершілігі.
Бұл ретте заңнамалық талаптардың да қатайғанын естен шығармаған жөн. Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 24 маусымдағы №326-VIII Заңына сәйкес, енді мопедтер де мемлекеттік тіркеуге жатады. Бұл өзгеріс жол қозғалысын ретке келтіруге және тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Ендігі кезекте мопед иелері өз көліктерін міндетті түрде тіркеуден өткізіп, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алып, мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатуы және азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруы шарт. Заңға бағыну – қауіпсіздіктің кепілі екенін ұмытпайық.
