ШЫМКЕНТ МЕКТЕПТЕРІНЕ «ALAQAN» БИОМЕТРИЯСЫ ЕНГІЗІЛДІ

Шымкентте осы оқу жылынан бастап 100 мектепке «Alaqan» биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілді. Аталған жүйенің идентификаторы алақан биометриясына негізделген, ол саусақ ізімен салыстырғанда күрделірек және өзіндік ерекшеліктері бар. «Alaqan Мektep» — білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және оқу процесін цифрландыруға мүмкіндік беретін бірыңғай экожүйе.

«Alaqan Mektep» жүйесінде мектепке қажетті сервистің барлығы бар. Бұл жүйеде оқушылар алақанын сенсорға қою арқылы кітапханадан кітаптар алып-тапсырып, асханада төлем жасай алады. Ал ата-аналар баланың мектепке қашан келіп-кеткенін біліп, мобильді қосымшасы арқылы асханада балаларының мәзірі мен шығындарын бақылай алады.

Ақпараттық жүйе алақан тамырларының үлгісін цифрлық кодқа айналдырады. Шифрланған цифрлық код жүйеде тіркелген пайдаланушылардың арасында сәйкестендіріледі. Шифрланған цифрлық код табылған жағдайда  жүйеге кіріп төлемдерді жасай алады. Сканерлеу 0,3 секундта жүргізіледі. Жүйе ыңғайлы әрі қауіпсіз. Жоба тиімді жүзеге асып жатса, оның ауқымын кеңейту мәселесі қарастырылатын болады.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласының №65 мектеп-гимназиясында пилоттық режимде өзінің тиімділігін дәлелдеген Аlaqan биометриялық жүйесі енгізілді. 6 айда оқушылардың 99% -ы жүйеге тіркелді, кіру-шығу және тамақтану процестері автоматтандырылды. Бұл бастама 1-4 сынып оқушыларының 92% -ын  тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әлеуметтік осал санаттағы 261 оқушы үшін арнайы диета әзірленді, бұл да бюджеттен 2,3 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді және цифрлық бақылаудың нақты экономикалық және әлеуметтік артықшылықтары бар екенін тағы да дәлелдеді.

Шымкент қалалық білім басқармасы мамандарының  мәліметінше, бүгінгі таңда  100 мектепке «Alaqan Mektep» жүйесі,  тағы 53 мектепке  E-ashana жүйесі енгізілген. Барлығы 151 мектепте жабдық толығымен орнатылып, әлеуметтік картамен біріктірілген.

«Alaqan Mektep» жүйесі арқылы әр түскі ас тіркеледі. Егер бала мектепке келмесе, ақша бюджетке қайтарылады.Осылайша, цифрлық жүйе  мектептегі тамақтануды жан-жақты бақылауға мүмкіндік туғызып, ашық ете түсті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар