ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЦИФРЛЫҚ БОЛАШАҒЫ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСЫМДЫҚ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне сәйкес, жасанды интеллект (ЖИ) еліміздің инновациялық дамуы мен цифрлық дербестігіне тірек болатын негізгі технологиялық бағыт ретінде айқындалды. Мемлекет басшысының пікірінше, алдағы бес жыл ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл — өзгермейтін және стратегиялық маңызы бар мақсат. Осы бағыттағы негізгі міндет — жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалану арқылы ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру, мемлекеттік басқару сапасын жақсарту және жаңа индустрияларды дамыту.
Осыны ескере отырып, Президент Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне жасанды интеллектіні дамытуға және цифрлық трансформацияға бағытталған жүйелі құжат әзірлеуді тапсырды. Құжат нақты, прагматикалық және қолданбалы болуы тиіс. Ол ЖИ-дің ел экономикасына, мемлекеттік секторға және еңбек нарығына енгізілуін жан-жақты сипаттап, барлық салаларға қолдануға негіз болатын кешенді шараларды қамтуы қажет. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл жұмысқа халықаралық технологиялық компаниялар мен беделді сарапшылар тартылуы тиіс. Бұл құжат еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаңа экономикалық салаларды дамытуға серпін беруі тиіс.
Мемлекет басшысы сонымен қатар цифрлық саясаттың тоғыз негізгі басым бағытын атап өтті. Атап айтқанда, ЖИ-ді экономиканың нақты секторына енгізу басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл ретте Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бірлесіп, жыл соңына дейін өндірістік процестерге ЖИ технологияларын енгізудің тиімді үлгілерін ұсынуға тиіс. Осы бастамалар Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі мен цифрлық егемендігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ еңбек нарығының трансформациясын тиімді басқаруға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар