МАҚТААРАЛДА ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Мемлекет басшысы елімізде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді қатаң тапсырғаны белгілі. Осы орайда Мақтаарал аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен аудан аумағындағы жұмыс берушілердің қатысуымен арнайы ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасына сәйкес, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына енгізілген маңызды өзгерістер жан-жақты талқыланды.

Атап айтқанда, қатысушыларға жұмыс берушілерді саралау тәсілі, субсидияланатын жұмыс орындарын ашудың жаңа талаптары және қолданыстағы заңнамаға енген түзетулер жөнінде толыққанды ақпарат берілді.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыс берушілердің жаңа заңнама талаптарын дұрыс түсінуіне тікелей ықпал ету, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын өндірісте тиімді пайдалану, сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде толық ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болып табылады.

Өңірдегі тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған мұндай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар