«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ: АРЫС ҚАЛАСЫНДА РЕЙДТІК ІС-ШАРАЛАР ТҰРАҚТЫ ЖАЛҒАСУДА

Арыс қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта қала әкімдігінің жанынан арнайы құрылған жұмысшы топ кәсіпкерлік нысандары мен халық көп шоғырланатын орындарда түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Бүгін осындай лекпен орталық базар аумағында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, сауда орындары мен айналасындағы аумақтың санитарлық жағдайы қатаң бақылауға алынды.

Тексеру барысында жұмысшы топ өкілдері кәсіпкерлер мен тұрғындарға өздеріне тиесілі аумақтың тазалығын тұрақты түрде қамтамасыз ету, ғимараттар мен нысандардың қасбеттерін заманауи талаптарға сай күтіп ұстау қажеттігін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, қаланың келбеті мен санитарлық тазалығы ең алдымен әрбір тұрғынның күнделікті жауапкершілігінен басталады.

Қоғамдық тәртіп пен абаттандыру ережелерінің сақталуы қатаң бақылауда болғандықтан, тиісті талаптарды бұзушыларға қатысты заң аясында шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 118 және 505-бабы бойынша 215 әкімшілік хаттама толтырылды. Осылайша, жыл басынан бері қала аумағында тазалық пен тәртіп талаптарын бұзу деректері бойынша барлығы 333 әкімшілік хаттама рәсімделіп, тиісті шаралар қолданылды.

Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың біржолғы науқан емес, тұрақты сипаттағы үдеріс екенін атап өтеді. Арнайы жұмысшы топтың рейдтік және профилактикалық іс-шаралары алдағы уақытта да кестеге сай үздіксіз жалғасатын болады. Жауапты мамандар барша қала тұрғындарын тазалық талаптарын қатаң сақтауға, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленбеген орындарға тастамауға, туған қаланың көркеюіне бей-жай қарамауға шақырады. Тәртіп пен тазалық қағидаттарын ұстану арқылы ғана өңірдің экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар