ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ 15 ҚАЗАНДА БАСТАЛАДЫ

Түркістан облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірге қажетті 532,5 мың тонна көмірдің әзірге 56 пайызы жеткізілген.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жылыту маусымына дайындық барысын пысықтап, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

Өңірде жылыту маусымын 15 қазан мен 1 қараша аралығында кезең-кезеңімен бастау жоспарланған. Биыл облыстың жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 532,5 мың тоннаны құрайды.

Қазіргі таңда оның 299,9 мың тоннасы жеткізілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 56 пайызына тең. Өткен аптамен салыстырғанда жеткізілген көмір көлемі 25 мың тоннаға артқан. Сонымен қатар 26 кәсіпкерлік субъектісінің қоймаларында 60,1 мың тоннаға жуық көмір қоры бар.

Бюджеттік мекемелерді көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Білім беру нысандарының көмірмен қамтылу деңгейі 98 пайызға жеткен.

Ал жеке тұрғындарға жылыту маусымына 176 мың тонна көмір қажет. Бүгінге дейін оның 146,1 мың тоннасы жеткізіліп, қамту деңгейі 83 пайызды құрады.

Жылыжай шаруашылықтарына қажетті көмір көлемі 271,2 мың тонна болса, әзірге 70,1 мың тоннасы жеткізілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 26 пайызына тең.

Жиында облыс әкімі білім беру нысандарына көмір жеткізуді жеделдетуді және аудандарда тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету деңгейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ жауапты басшыларға жылыту маусымы басталғанға дейін қажетті көмір қорын қалыптастыру мен жеткізу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар