Шымкент қаласында тағы 30 отбасы баспаналы болды. Бозарық және Асар-2 шағынаудандарында орналасқан сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы пәтерлердің кілттері тұрғындарға табысталды. Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа көпқабатты тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай салынған. Ғимараттар жайлы өмір сүруге қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйелермен жабдықталған.
Пәтерлер әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға берілді. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар. Сондай-ақ баспана Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген ардагерлерге, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталды.
Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар қуаныштарын білдіріп, көрсетілген қолдау мен баспана мәселесін шешуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
