Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада кезекті бүйрек трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл жолы қос бүйрегі де қызметін тоқтатқан науқасқа туған бауыры бір бүйрегін донор ретінде берді.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқас 10 жылдан бері қант диабетімен ауырады. Ұзақ уақыт бойы қандағы қант деңгейінің жоғары болуы бүйрек қызметіне кері әсер етіп, ақыры екі бүйрегі де жұмысын тоқтатқан. Соңғы жылдары ол тұрақты түрде диализ қабылдауға мәжбүр болған.
Мамандардың айтуынша, бүйрек трансплантациясы бірнеше күрделі кезеңнен тұрады. Алдымен донордың бүйрегі алынып, арнайы ерітіндімен өңделеді. Одан кейін ағза реципиенттің денесіне орналастырылып, қан тамырларына жалғанады. Операция кезінде мамандар трансплантацияланған бүйректің қан айналымы мен қызметін жіті бақылайды.
Бұл жолғы отада дәрігерлер бірқатар қиындыққа тап болған. Атап айтқанда, науқастың қан тамырларының жағдайы күрделі болған. Бұған ұзақ жылдарға созылған қант диабетінің әсері себеп болғаны айтылады.
Трансплантациядан кейін науқастың өмір сапасын жақсартуға және аптасына үш рет диализ қабылдау қажеттілігінен арылуға мүмкіндік бар. Қазір мамандар оның жағдайын бақылап, жаңа бүйректің қызметін қадағалайды.
Айта кетейік, бұл – Шымкент қаласында жасалған 257-ші бүйрек трансплантациясы. Ал бұл жолы ағайын арасындағы бауырмалдық пен донорлық жауапкершілік адам өмірін сақтауға мүмкіндік берді.
