Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кетуді жоспарлаған азаматтар үшін құжат рәсімдеу тәртібі өзгерді. Енді өтініш берушілер анықталған кемшіліктерді түзетуге 15 жұмыс күні ішінде үлгеруі керек. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.
Ішкі істер министрі 2026 жылғы 30 қазанда «Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.
Аталған мемлекеттік қызмет Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі.
Құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе eGov.kz порталының көмегімен рәсімдеуге болады. Қызмет көрсету мерзімі – 20 жұмыс күні. Мемлекеттік баж мөлшері – 1 айлық есептік көрсеткіш.
Құжаттағы негізгі өзгерістер қандай?
Жаңа талаптарға сәйкес, өтінішті қабылдау кезінде кемшіліктер анықталса, оларды түзету үшін өтініш берушіге 15 жұмыс күні беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне қосылмайды.
Егер азамат белгіленген мерзімде ескертулерді түзетсе, өтініштің қабылданған күні ретінде алғаш жүгінген күн есептеледі. Ал кемшіліктер уақытында жойылмаса, құжаттарды қабылдаудан бас тартылады.
Өтінішті қарау барысында көші-қон қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Әділет, Қаржы және Қорғаныс министрліктеріне келісу үшін сұрау жолдайды. Бұл рәсімге 10 жұмыс күні беріледі.
Қандай жағдайда шетелге тұрақты тұруға кетуге рұқсат берілмеуі мүмкін?
Мемлекеттік қызмет көрсетуден мынадай жағдайларда бас тартылуы мүмкін:
- өтініш берушінің салық берешегі болса;
- сот алдындағы міндеттемелері орындалмаса;
- мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрсе;
- қылмыстық қудалауға алынған болса;
- өтініште көрінеу жалған мәліметтер ұсынса.
Оң шешім қабылданған жағдайда азамат бір жұмыс күні ішінде жеке куәлігін, ал шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам тиісті құжатын тапсыру үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгінуі қажет. Бұдан кейін азамат тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылады және шетелге тұрақты тұруға кету туралы құжаттарын рәсімдеу жөніндегі шешім беріледі.
Ал өтініш eGov.kz арқылы берілсе, мемлекеттік қызметтің нәтижесі электрондық цифрлық қолтаңбамен расталып, өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
