«АДАЛ АЗАМАТ КҮНІ»: ТӨЛЕБИ ПОЛИЦИЯСЫ АДАЛ ЕҢБЕК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚТЫ ДӘРІПТЕДІ

Төлеби аудандық полиция бөлімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыру аясында ауқымды «Адал азамат күні» шарасы өтті. «Адал азамат күнінің» басты мақсаты — қоғамда адал еңбек культін қалыптастыру. Осыған орай, «Адал азамат күні» аясында өз кәсібін мінсіз атқарып, ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу. Іс-шараның қонағы – Түркістан облыстық «Ауған соғысы ардагерлер кеңесі» төрағасының орынбасары, ҚР құқықтық әділет және әлеуметтік іс жөніндегі комиссия мүшесі, запастағы полковник Есенбек Оңалбаев болды.

Шара барысында Төлеби аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары мен әр сала бойынша инспекторлар, сержанттық құрам ұрпақтар сабақтастығын нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полицияның рөлі туралы пікір алмасты.

«Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» – ажырамас егіз құндылықтар. Осы тұрғыдан алғанда, өткізілген арнайы күн заң мен тәртіпті нығайтуға, парасаттылық пен жауапкершілік дәстүрін дәріптеуге бағытталған бірегей жоба болды.

Кездесуде ардагердің қызметтік жолы үлгі ретінде қаралып, оның көпжылдық тәжірибесі мен адал еңбегінің маңызы ерекше атап өтілді. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары талқыланды.

Есенбек Молдатайұлы өз сөзінде: ««Адал азамат» концепциясы – жай ғана ұран немесе уақытша науқан емес. Бұл – әрбір қазақстандықтың ішкі мәдениетін, жауапкершілігін және құқықтық санасын трансформациялауға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия. «Әділетті Қазақстанды» бізге сырттан біреу келіп құрып береді деп күту қателік. Оны өз ісіне, Отанына адал азаматтар өз қолымен тұрғызады. Әрбір қазақстандық күнделікті өмірде әділдік пен заң талаптарын басшылыққа алғанда ғана мемлекетіміз қуатты, қоғамымыз қауіпсіз болады. Тәртіп бар жерде – береке бар. Ал адал азаматтардың еңбегі – елімізді жарқын болашаққа жетелейтін басты күш», – деді.

Жиында ардагерлер тәжірибесін жас буынға жеткізудің өзектілігі көтеріліп, қызмет барысында адалдық, жауапкершілік және кәсібилік қағидаттарын басшылыққа алу қажеттігі ескертілді. «Адал азамат күнін» өткізу – Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды реформалардың іс жүзіндегі жемісті нәтижесі. Мұндай мазмұнды шаралар арқылы заңды құрметтейтін, еңбекті қадірлейтін және болашаққа сеніммен қарайтын саналы қоғамның іргетасы бекітіле түспек. Өйткені, әрбір адал қадам – Әділетті Қазақстанның жарқын болашағына жасалған елеулі үлес.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар