Түркістан қаласы рухани астана ретіндегі мәртебесін нығайта отырып, инфрақұрылымдық даму және абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстарды қарқынды жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын айқындау мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қала әкімінің назарынан тыс қалмаған маңызды жобалардың бірі – Арнайы экономикалық аймақ аумағында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары.
Бүгінгі таңда Арнайы экономикалық аймақтың аумағын жарықтандыру үшін 306 жарық бағанасы орнатылуда, бұл аймақтың жарықтандырылуын арттырып қана қоймай, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, көлік тұрақтарының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында автотұраққа арналған 230 жарықшам орнатылуда. Осындағы жол қозғалысын реттеуге және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 191 жол белгісі орнатылуда.
Бұдан бөлек жол инфрақұрылымын толық қамтамасыз ету бағытында инженерлік жүйелерді тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар аймақтың заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз етеді.
Қала басшысының келесі бағыты – «Бекзат» шағын ауданындағы бес өндірістік парк нысанының құрылысы болды. «Бекзат» шағынауданында шағын өндірістік парк құрылысын 2025-2028 жылдар аралығында жүргізу жоспарланған. Аумағы 20 гектарды құрайтын бұл өндірістік парк 26 дайын өндірістік ғимараттан тұрады.
Қазіргі уақытта 1-кезеңнің құрылысын жеделдету және ғимараттарды инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, инженерлік желілер тартылып, ғимараттардың іргетасы қаланған.
Аралау соңында Әзімбек Пазылбекұлы Өндірістік парк пен арнайы экономикалық аймақ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды аралап, инфрақұрылымды ретке келтіру және тазалық деңгейін күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бүгінде мұнда 5000 түп ағаш отырғызылып, кіші өндірістік 5 ғимараттың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, кәсіпорындарды іске қосу көзделіп отыр.
Өндірістік парк шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған заманауи өндірістік алаңдар мен қызмет көрсету инфрақұрылымын ұсына отырып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Бұл жобалар қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Өндірістік парктердің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканы нығайтады деп күтілуде.
