Арыс қаласында тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары бақылауда. Қазіргі таңда қаладағы 9 137 абоненттің барлығына «көгілдір отынға» қосылуға мүмкіндік жасалған. Оның ішінде 6 493 абонент табиғи газды пайдаланып отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің 7 қазанда Арыс қаласының тұрғындарымен кездесуінде берген тапсырмасына сәйкес, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев қалаға арнайы барып, газдандыру жұмыстарының барысын зерделеді.
Ол 8 қазаннан бастап үш күн бойы газдандыру мәселелерін бақылап, табиғи газға қосылуға қатысты өтініш білдірген тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелері тыңдалып, газға қосылу тәртібі түсіндірілді.
Мамандардың мәліметінше, қала аумағындағы барлық тұрғын үйге дейін табиғи газ желісі тартылған. Енді үйлерін газға қосқысы келетін тұрғындар үй ішіндегі газ құбырларын жүргізу және қажетті монтаждау жұмыстарын ұйымдастыру үшін «Otebay Gaz Aimaq» ЖШС-не өтініш беруі қажет.
Тиісті түсіндіру жұмыстарынан кейін тұрғындар газға қосылу тәртібі жөнінде толық ақпарат алып, ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, өткен жылы Арыс қаласынан бөлек Байырқұм, Жиделі, Көкжиде және Саналы ауылдары табиғи газға қосылған. Биыл Аққала ауылы да көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Бұдан бөлек, Талдықұдық, Ақдала және Қаражантақ елді мекендерінде газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Арыс қаласы мен оған қарасты елді мекендерді газдандыру мәселесі тиісті сала мамандарының бақылауында.
