ҚР Ұлттық музейінде Отырар-Түркістан өңірінің ортағасырлық суару жүйесі мен егіншілік дәстүрін таныстыратын республикалық көрме ашылды. Экспозициядан археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған құнды жәдігерлерді көруге болады.
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Отырар-Түркістан: ортағасырлық ирригация және егіншілік мәдениеті» атты республикалық бірлескен көрменің ашылу рәсімі өтті.
Тарихи-мәдени мұраны насихаттауға бағытталған көрмені «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы және ҚР Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға ғалымдар, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қатысты.
Көрменің ашылу рәсімін ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Ақмарал Ибраева жүргізіп, экспозицияның тарихи маңызына тоқталды. Сондай-ақ іс-шараға «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов және музей ардагері Рахия Жүзбаева қатысты.
Қатысушылар Отырар мен Түркістан өңірлерінде орта ғасырларда дамыған егіншілік пен суармалы шаруашылықтың тарихи маңызын атап өтті.
Көрмеден қандай жәдігерлерді көруге болады?
Экспозицияға археологиялық зерттеулер барысында табылған су арналары, арықтар мен каналдарға қатысты материалдар, егіншілік құралдары, астық өңдеуге арналған бұйымдар және өзге де құнды жәдігерлер қойылған.
Көрме арқылы келушілер ортағасырлық тұрғындардың шаруашылық жүргізу тәсілдерімен, суды пайдалану тәжірибесімен және Отырар-Түркістан өңірінің мәдени-экономикалық даму ерекшеліктерімен таныса алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрмелер тарихи мұраны кеңінен танытуға және өткен дәуірлердегі халықтың тұрмыс-тіршілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Көрме 9 қарашаға дейін ҚР Ұлттық музейінде жалғасады. Тарих пен мәдениетке қызығатын көпшілікті көрмені тамашалауға шақырамыз.
