Түркістан облысының Бәйдібек ауданында 2,4 млрд теңгеге салынып жатқан мақта өңдеу кешені жылына 50 мың тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Кәсіпорын іске қосылғанда 63 адам жұмыспен қамтылады.
Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жаңа мақта өңдеу зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Бөген ауылдық округінде салынып жатқан «J&B AGRO GROUP 2025» ЖШС-нің өндірістік кешенімен танысты.
Жобаға 2,4 млрд теңге инвестиция бағытталған. Кәсіпорын құрылысына 20 гектар жер бөлінген. Қазіргі уақытта Қытайдан жеткізілген өндірістік жабдықтарды құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауытты жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа кәсіпорын жылына 45-50 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы болады. Толық іске қосылғанда 63 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және аудандағы мақта шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның даму жоспары мұнымен шектелмейді. Серіктестік алдағы уақытта тамшылатып суару жүйелерін, мақта майын және пленка өндіретін зауыттар салуды көздеп отыр. Жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларды 2025-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
Облыс әкімі өндіріс орындарын дамытуда жергілікті шикізатты тиімді пайдалану, өнімді терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға инвестициялық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға бағытталған мақта-тоқыма кластері қалыптасып келеді. Жоба мақта өсіруден бастап, оны өңдеу, жіп иіру, мата тоқу және дайын тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды.
Кластер аясында 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу көзделген.
2024-2025 жылдары кластер аясында ПВХ құбырларын өндіру зауыты, жіп иіру фабрикасы, мақта өңдеу кәсіпорындары және тамшылатып суаруға арналған таспа өндіретін нысан бойынша жобалар іске асырылған. Бұдан бөлек, мақта өңдеу саласында тағы екі зауыт ашылған.
2026 жылдың соңына дейін тігін фабрикасы, тоқыма фабрикасы, бояу-әрлеу өндірісі және мақта тұқымын өңдеу кәсіпорнын іске қосу жоспарланып отыр.
Мақта-тоқыма кластерінің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы шикізатын сыртқа шығарумен шектелмей, оны ел ішінде терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру. Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
