Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы Ақбастау ауылдық округінің тұрғындары үшін қуанышты жаңалық! Аймақтағы ескірген электр желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Жақында ғана Кеңес елді мекеніндегі шіріген электр бағаналары толығымен жаңартылды. Ал қазір арнайы бригада Ақбастау ауылындағы Үкітас көшесінің жарамсыз бағаналарын ауыстыруға кірісті. Бұл – ауыл тұрғындарының көптен күткен мәселесінің шешімі.
Бұл мәселенің шешілуіне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей араласуы себеп болды. Ауыл қариялары облыс әкімінің қабылдауында болып, аймақтағы жарықтың жиі өшетінін және электр желілерінің тозығы жеткенін айтқан болатын. Нұралхан Көшеров бұл мәселені жеке қадағалауына алып, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді.
Айта кетейік, бұл ауылдардағы электр бағаналары өткен ғасырдың 60-шы жылдары орнатылған. Уақыт өте келе ағаш бағаналар шіріп, электр желілері жарамсыз болып қалған еді.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның директоры Айдар Махамбет те бұл мәселеге бей-жай қарамады. Ол Ақбастау ауылына арнайы мамандар жіберіп, жарамсыз электр бағаналарының жалпы санын анықтап, жұмыстарды бастауға пәрмен берді.
Ауыл қариялары «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның директоры Айдар Махамбеттің қабылдауында болғанда, мекеме басшысы электр желілерін кезең-кезеңімен ауыстырып беруге уәде берген.
Қазіргі таңда Кеңес елді мекеніндегі шіріген электр бағаналары толықтай жаңартылып, Ақбастау ауылындағы Үкітас көшесіндегі бағаналарды ауыстыру жұмыстары басталды.
Ауыл тұрғындары бұл игілікті істің жүзеге асуына себепкер болған облыс әкімі Нұралхан Көшеровке, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның директоры Айдар Махамбетке, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның Бәйдібек аудандық филиалының басшысы Е.Гердке және электр бағаналарын ауыстырып жүрген мамандарға алғыстарын білдіруде.
Бұл жаңарту жұмыстары аймақтағы электрмен жабдықтау сапасын жақсартып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.
