Р.СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ БИЫЛ КӨРЕРМЕНГЕ 150 ҚОЙЫЛЫМ ҰСЫНДЫ

Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театры биылғы жылды шығармашылық табыстармен қорытындылап, көрермендерге 150-ге жуық қойылым ұсынды. Театр репертуары осы жылы 6 жаңа туындымен толықтырылып, оның үшеуі ересектерге, қалғаны балаларға арналды. Бұл туралы театр директоры Арман Алиев брифингте мәлімдеді.

«Биыл 141 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қазір «Мульти стори» жаңа жылдық қойылымының дайындығы жүріп жатыр», — деді Арман Алиев. Ол, сондай-ақ, театр ұжымының 2025 жылы 2 халықаралық және 3 республикалық фестивальдерге қатысқанын, сонымен қатар гастрольдік сапарлармен де белсенділік танытқанын атап өтті.

Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында Үндістанның Дели, Пенджаб, Амритсар, Агра, Чандигарх қалаларында өнер көрсетті. Бұдан бөлек, өнерпаздар Ресейдің Кинешма қаласында өткен «Островский fest» театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды.

Брифингке қатысқан театр актері Нұржан Ізтаев  ұжымның ел ішінде де бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенін айтып өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, Д.Исабековтың «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» драмасымен өнер көрсетті. Бұл фестивальде театр әртісі Кәмшат Аштекова Зылиха рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен марапатталды.

Сонымен қатар, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, Ә.Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен театр әртісі М.Құрманбеков «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.

2025 жыл театр үшін табысты, шығармашылық тұрғыдан жемісті жыл болды. Осы орайда, театр әртісі Нұржан Ізтаев Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Аяз Ілясов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, театрдың құрылғанына 25 жыл толуына орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өнер ұжымына жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады. Бұл сыйлық театр ұжымының алдағы гастрольдік сапарлары мен шығармашылық жоспарларын жүзеге асыруда маңызды рөл атпақ. Театр директоры Арман Алиев алдағы уақытта да жаңа жобалар мен қойылымдарды көрермен назарына ұсынуға ниетті екенін айтып, театрдың мәдени өміріміздегі орнын нығайтуға бағытталған жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Театр ұжымының бұл жетістіктері Түркістан қаласының мәдени әлеуетін арттырып, өңірдің өнерін насихаттаудағы маңызды қадам болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар