ТӨЛЕБИ: ҚЫЛМЫСТЫЛЫҚ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕП, АШЫЛУ КӨРСЕТКІШІ ӨСТІ

2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Төлеби аудандық полиция бөлімі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында мақсатты жұмыстар атқарып, аудан аумағындағы криминогендік ахуалдың тұрақталуына қол жеткізді.

Статистикалық мәліметтер талдауы ағымдағы жылдың жартыжылдығында тіркелген құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,2 пайызға төмендеп, 111 деректен 93-ке дейін қысқарғанын көрсетеді. Бұл ретте аудан бойынша жалпы тіркелген қылмыстар саны да 15,9 пайызға азайып, 63-тен 53-ке түсті, ал қылмыстардың ашылу деңгейі 86,7 пайызды құрап, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда едәуір жақсарды.

Қылмыстың санаттары бойынша жүргізілген сараптама полиция жұмысының тиімділігін айқындай түседі. Мәселен, аса ауыр қылмыстардың ашылымы толықтай, яғни 100 пайызды құрады. Ауыр қылмыстар санаты 7,7 пайызға, орта санаттағы қылмыстар 33,3 пайызға төмендеп, жалпы қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың оң нәтижесі байқалады.

Жекелеген қылмыс түрлеріне тоқталсақ, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр дене жарақатын салу, зорлау, тонау мен ұрлық сияқты ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 100 пайыздық межеден көрініп отыр. Әсіресе, мүліктік қылмыстарды, соның ішінде пәтер ұрлықтары мен бөтеннің мүлкін ұрлау деректерін азайтудағы полицияның профилактикалық шаралары тиімділігін көрсетті.

Дегенмен, қазіргі таңдағы цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет алаяқтық мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Төлеби ауданында алаяқтық қылмысы 29,4 пайызға, ал интернет алаяқтық 33,3 пайызға төмендегенімен, бұл санаттағы қылмыстардың ашылымы 33,3 пайыздан 50,0 пайызға ғана жоғарылады. Интернет желілері арқылы көрсетілетін онлайн қызметтердің кең таралуы азаматтардың киберқылмыскерлердің құрбаны болу қаупін сақтап отыр. Сонымен қатар, бұзақылық деректерінде 50 пайыздық өсім тіркелгенімен, оның ашылымы 100 пайызды құрап отыр, ал қарақшылық қылмысы есепті кезеңде мүлдем орын алған жоқ.

Жалпы алғанда, Төлеби аудандық полициясының атқарған жұмыстары қылмыстық іс-шаралардың төмендеуіне және ашылу көрсеткішінің облыстық орташа деңгейден жоғары болуына негіз болып, аудан тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар