Қазіргі таңда Шымкент қаласында 180 медициналық ұйым (29 мемлекеттік, 151 жекеменшік) ақпараттық жүйелерге қосылып, жаңа технологиялар бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл Мемлекет басшысының барлық емханалар мен ауруханаларды толығымен қағазсыз медициналық жазбаға көшіру тапсырмасын орындау аясында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Мегаполистегі барлық медициналық ұйымдар интернет желісімен және компьютерлермен 100 пайыз жабдықталған.
Бүгінде емханалар мен ауруханаларда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер «DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесі арқылы көсетіледі. Damumed — медицина саласына енгізілген тың технологиялық даму жолы. Аталған өңірлік жүйе медициналық ұйымдарда ішкі процессті автоматтандырып қана қоймай, медициналық көмек көрсету деңгейлерінің бір-бірімен интеграциясын, онкология, туберкулез, кардиологиялық арнайы қызметтердің шұғыл сабақтастығын қамтамасыз ете алады.
Осынау кешенді жоба арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға, дәрігерді үйге шақыруға болады. Мұнда медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымнан анықтама алу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтама алу мүмкіндіктері де енгізілген.
«DamuMed» кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы, сондай-ақ, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме беру, алдын-ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу, көлік құралын басқаруға рұқсат алу туралы анықтама беру, санаторийлік-курорттық емдеу қажеттілігі туралы қорытынды беру және азаматтардың жекелеген санаттарына дәрілік заттарды, бейімделген емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды беру қызметтерін алуға болады.
Қала бойынша бастапқы медициналық санитарлық және стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар «DamuMed» жүйесімен жұмыс жүргізуде. Жедел жәрдем қызметі «Армаком» медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған.
«DamuMed» МАЖ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Емдеуге жатқызу бюросы», «Бірынғай төлем жүйесі», «Стационарлық науқастардың электрондық регистрі», «Ресурстарды басқару жүйесі», «Бекітілген халық тіркелімі», «Сақтандыру», «Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі», «Амбулаторлық емханалық көмек» ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған.
«DamuMed» медициналық ақпараттық жүйесі бүгінде eHEALTH бірынғай ядросымен біріктірілуде. Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда диагностикалық зерттеулердің қорытындылары РАCS сақтау жүйесіне өткізілуде. Қазіргі таңда 45 медициналық ұйым РАCS сақтау жүйесі арқылы жұмыстар жүргізуде.
