Түркістан қаласында «Turkistan International Investment and Tourism Forum – 2025» атты халықаралық инвестициялық форум өтті. Ауқымды шара өңір экономикасын дамыту, инвестиция тарту және туризм саласындағы жаңа серіктестіктерді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Форумға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңірдің даму жоспарларына кеңінен тоқталды.
Бұл маңызды жиынға Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бастаған 70-ке жуық жергілікті кәсіпкер қатысып, ауданның экономикалық әлеуетін шетелдік инвесторларға таныстыру мүмкіндігіне ие болды.
Кездесу барысында аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы Созақ ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы мол мүмкіндіктерін ерекше атап өтті. Әсіресе, мал шаруашылығын дамыту, ет өнімдерін өндіруді арттыру және оларды экспортқа бағыттау бойынша жүзеге асырылуы жоспарланған жобалар назарға ұсынылды. Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, суару жүйелерін жетілдіру және агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізу мәселелері шетелдік сарапшылармен бірлесіп жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданның ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық маңыздылығын айғақтайды.

Сонымен қатар, ауданнан келген кәсіпкерлер халықаралық компаниялармен тікелей келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді серіктестік орнату мүмкіндіктерін қарастырды. Жергілікті бизнес өкілдері жаңа экономикалық бағыттарды игеру, өндіріс көлемін ұлғайту және экспорттық нарықтарға шығу жолдары туралы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тәжірибе алмасты. Бұл кездесулер өзара сенім мен ынтымақтастық негізінде жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады деп күтілуде.
Форум жұмысы әлі де түрлі панельдік сессиялар мен келіссөздер түрінде жалғасуда. Бұл шара ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық өрлеуіне серпін беретіні сөзсіз. Созақ ауданының әлеуеті мен мүмкіндіктері халықаралық деңгейде таныстырылып, болашақ серіктестіктерге негіз қаланды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюы да форумның маңыздылығын арттырады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің бірнеше рет кездесіп, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қоюы, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көрсетеді. Бұл серіктестіктер Түркістан облысының дамуына да оң ықпал ететіні анық.
