ШЫМКЕНТ: 1740 БАЗАЛЫҚ СТАНЦИЯ МОБИЛЬДІ БАЙЛАНЫСТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Шымкент қаласында мобильді интернет пен байланыс сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  Қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Қала аумағында бүгінде мобильді байланыс операторларының 1740 базалық станциясы қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде «Кселл» АҚ – 784, «Кар-Тел» ЖШС – 506 және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС – 450 станция иелігінде, – деп атап өтті Сәрсен Абайұлы.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, 2023 жылы жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес қала аумағында байланыс сапасы төмен 147 нүкте анықталған. Олар: «Кселл» – 53, «Кар-Тел» – 33, «Мобайл Телеком-Сервис» – 41. Осы кемшіліктерді жою мақсатында арнайы «Жол картасы» әзірленіп, жоспарлы жұмыстар атқарылған. Соңғы үш жыл ішінде 295 жаңа базалық станция («Кселл» – 215, «Кар-Тел» – 80) іске қосылып, 398 станцияда жаңғырту жұмыстары жүргізілген («Кселл» – 246, «Кар-Тел» – 144, «Мобайл Телеком-Сервис» – 8.

Сонымен қатар, заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде 361 базалық станция бүгінде 5G жиілігінде жұмыс істеуде. Бұл шаралар байланыс сапасы төмен аймақтар санын 11 нүктеге дейін азайтуға мүмкіндік берді («Кселл» – 6, «Кар-Тел» – 5).

– Бұдан бөлек, байланыс операторлары қаланың шалғай аудандарындағы және жаңадан салынып жатқан елді мекендердегі интернеттің сапасын арттыруға баса назар аударуда. Осы мақсатта, жаңа инфрақұрылымдарды дамытуға және қолданыстағыларын жаңғыртуға бағытталған инвестициялар көзделген. Алдағы уақытта да Шымкент қаласының цифрлық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасатын болады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындарының цифрлық сауаттылығы артып, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және басқа да салалардағы онлайн қызметтерге қолжетімділік кеңейеді. Сонымен қатар, бұл шаралар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере отырып, инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді, – деп атап өтті спикер.

Қазіргі таңда операторлар тарапынан базалық станцияларды орнату мерзімін қысқарту мақсатында жаңадан 18  антенна-мачталық құрылғы және қос мақсатты 1 тірек орнатылуда.  Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын жоғары жылдамдықты әрі тұрақты мобильді интернетпен толық қамтуға жол ашады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар