Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде еңбек нарығын реттеу және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту бағытында біршама нәтижелі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде зейнеткерлік жасқа таяған аға буын өкілдеріне қолдау көрсетуді көздейтін «Күміс жас» жобасының маңызы зор. Бұл бастама егде жастағы азаматтардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттырып, олардың қоғамға пайдалы іспен айналысуына және тұрақты табыс табуына жол ашуда.
Осындай мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған жандардың бірі – Түлкібас ауданының тұрғыны Меркекүл НАМЕТҚҰЛОВА. Ол Түлкібас аудандық Мансап орталығының жолдамасымен үстіміздегі жылдың 3 ақпанынан бастап «Палау орталығы» жеке кәсіпкерлігіне жұмысқа орналасты. Бүгінде аталған орталықта ыдыс жуушы болып еңбек етіп, өз міндетін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді.
«Күміс жас» жобасы – зейнет алдындағы жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдаудың, олардың тәжірибесін еңбек нарығында қайта қолданудың тиімді тетігі. Жоба қатысушыларды тұрақты жұмыс орындарымен қамтуды және олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды мақсат етеді.
Түлкібас ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сала мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері аудан бойынша «Күміс жас» жобасы аясында 56 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасып, екі қолға бір күрек тапқан.
Жалпы, аталған жоба аға буын өкілдерінің зейнет жасына дейінгі кезеңде еңбек белсенділігін жоғалтпай, қоғам өміріне араласуына үлкен септігін тигізуде. Аудандық Мансап орталығы алдағы уақытта да тұрғындарды жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бағытындағы жұмыстарды белсенді жалғастыра бермек.
