«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» БАҒДАРЛАМАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ХАНТАҒЫДА 5 КӨШЕ ЖӨНДЕЛУДЕ

Елді мекендердің өркендеуі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі тікелей инфрақұрылымның, соның ішінде автомобиль жолдарының сапасына байланысты. Осы орайда, Мемлекет басшысы өңірлердегі жол құрылысын жандандырып, халықтың қажеттілігін өтейтін сапалы жол желісін қалыптастыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап берді. Аталған тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында Кентау қаласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайтын 416 көше бар. Қала аумағындағы жолдардың сапасын арттыру мақсатында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың тікелей бақылауымен жүйелі жоспарлар бекітіліп, игерілуде. Нәтижесінде, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 90 пайызға жеткізілген болса, биылғы 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 91 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.

Кентау қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Асылбек ОРАЛБЕКТІҢ мәлімдеуінше, жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде. Биыл  жергілікті бюджеттен 213 390,0 мың теңге бөлініп, 4 жоба аясында ұзындығы 9 шақырымды құрайтын 14 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда жобалардың бірі бойынша жұмыстар 90 пайызға аяқталса, екіншісінде жол негізін дайындау процесі жүруде. Ал қалған екі жоба мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен өтіп жатыр және олар 2027 жылға өтпелі нысандар ретінде бекітілді.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Хантағы ауылындағы 5 көше мен Кентау қаласындағы Шахтастрой көшесін орташа жөндеуге 184,5 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі таңда аталған нысандардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалу деңгейі 95 пайызға жетті.

Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына келетін болсақ, жол негізі дайындалып, асфальтбетон жабыны төселгеннен кейін «Ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК тарапынан міндетті түрде зертханалық сынамалар алынып, ерекше бақылауға алынады. Әрбір нысан бойынша бекітілген кестеден ауытқу орын алған немесе нормативтік талаптарға сай келмейтін ақаулар анықталған жағдайда, мердігер ұйымдарға нұсқама беріліп, келісімшарт талаптарына сәйкес тұрақсыздық айыбы салынатыны қатаң ескертілген. Бұл өз кезегінде өңірдегі жол сапасының ұзақ мерзімге төзімді болуын қамтамасыз етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар