КЕНТАУ: АЙНАЛМА ЖОЛ МЕН КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Кентау қаласының инфрақұрылымын дамыту – бүгінгі таңдағы басты басымдықтардың бірі. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен көлік қозғалысын жеңілдету үшін маңызды жол жобалары қолға алынып, олардың әрқайсысы қала басшылығының жіті назарында тұр. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов осынау маңызды нысандардың құрылысын  жеке бақылауына алған. Ол мердігер компанияларға жол сапасының халықаралық талаптарға сай болуын және берілген уақыт ішінде сапалы аяқталуын талап етіп отыр.

Қазіргі таңда қаладағы ең ауқымды жобалардың бірі – Д.Қонаев даңғылын халықаралық әуежайға баратын айналма жолмен жалғастыру. Бұл жоба іске асырылғанда, қала ішіндегі көлік кептелісі азайып, жүргізушілер үшін әуежайға жету әлдеқайда қолайлы болмақ. Жобаның жалпы ұзындығы 2,35 шақырымды құрайды. Бұл мақсатқа 2 миллиард 680 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары былтыр бастау алған болатын. 2026 жылы жобаны толық аяқтап, қолданысқа беру үшін барлық жағдай қарастырылған.

Инфрақұрылымдық өзгерістер тек қала ішінде ғана емес, сонымен қатар шеткі ауылдарда да жалғасын табуда. Мәселен, Хантағы ауылындағы Үсенбаев көшесінің бойында орналасқан, көпшілікке қажетті автомобиль көпірі толықтай жаңартылуда. Бұл көпірдің ескіруі тұрғындар үшін қолайсыздық тудырып келген еді. Ендігі кезекте көпірді заман талабына сай етіп қайта салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын болды және арнайы сараптамадан өтті. Нысанның құрылысына 278 миллион 588 мың  теңге бөлінді.

Аталған жобалардың жүзеге асу барысын Кентау қаласының Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Асылбек Оралбек күнделікті қадағалап отыр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Глобал Инвест Строй» ЖШС мердігер ұйымы жұмыстың ең маңызды кезеңін – көпірдің тірек бөліктерін орнатуды бастап кетті. Мамандар көпірдің негізін нығайту үшін темірбетон конструкцияларын бетондау жұмыстарын жоғары сапамен жүргізуде.

Мұндай құрылыс жұмыстарының басты мақсаты – тұрғындардың жайлылығын арттырып, қала мен ауыл арасындағы қатынасты сапалы деңгейге көтеру. Алдағы уақытта жаңартылған жолдар мен көпірлер аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады. Қала басшылығы жоспарланған мерзімде барлық жобаны толық аяқтауға күш салып жатыр.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар