КЕНТАУДА КӨШЕТ ЕГУ БОЙЫНША ЖОСПАР ТОЛЫҚ ОРЫНДАЛДЫ

Кентау қаласы  көшет егу бойынша жоспарды толық орындаған өңірлердің  бірі болып отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде Кентау қаласының күзгі ағаш отырғызу маусымында жоспарды толық орындағаны айтылды. Бұл – қала әкімдігі мен тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар да нәтижелі. Кентау қаласының тұрғындары, мемлекеттік және мекеме қызметкерлері, еріктілер және қала жанашырлары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып, қаланың көшелері мен арықтарын, қоғамдық аумақтарын тазартып, қоқыс шығару жұмыстарын жүргізуде. Бұл игі бастамалардың нәтижесінде Кентау таза қалаға айналып келеді.

Жуырда Кентау қаласына кіреберіс аймақта ағаш егу акциясы өтті. Іс-шараға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, тұрғындармен бірге 2000 түп ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл акция қаланың көгалдандырылуына қосымша серпін беріп, Кентаудың жасыл қалаға айналуына үлес қосады.

Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 5 жылда елді мекендерде 15 миллионан астам ағаш отырғызу жоспары бекітілген. Бұл ауқымды жоспар аясында Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 млн. көшет егу тапсырылған. Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу маусымы қарқынды жүріп жатыр. Биылғы жылдың 3 қарашасында басталған науқанда облыс бойынша 510 750 түп көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда аудан, қала әкімдіктері тарапынан шұңқырлар қазу, қоршау және суару жүйелерімен қамту жұмыстары 70 пайыз көлемінде атқарылып, 340 мың түп көшет отырғызылды. Бұл көрсеткіш жоспардың жартысынан асып отыр. Кентау қаласының жоспарды толық орындауы, облыстың жалпы көрсеткішіне оң ықпал ететіні сөзсіз.

Күзгі ағаш отырғызу маусымы – табиғатқа деген қамқорлықтың, болашаққа деген сенімнің белгісі. Кентау қаласының бұл бастамасы басқа да елді мекендерге үлгі боларлықтай.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар