Бүгінгі таңда ел Президенті айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшеміне айналды. Бұл бағыт тек қағаз жүзіндегі есептермен емес, азаматтардың көкейіндегі түйткілдерге жедел әрі әділ жауап беру арқылы жүзеге асады. Осы орайда Мақтаарал ауданында атқарылып жатқан жұмыстар мен тұрғындардан түскен өтініштердің динамикасы оң өзгерістердің барын аңғартады.
Аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте азаматтардың арыз-шағымдары мен жоғары тұрған органдардан жолданған қызметтік хаттардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Жиында аудан әкімі аппаратының жалпы, әкімшілік және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрбол Боранбаев баяндама жасап, жыл басынан бері тіркелген құжаттар легіне шолу жасады. Мәліметтерге сүйенсек, Мақтаарал ауданында жыл басынан бері 2269 өтініш тіркеліп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 385 өтінішке азайғанын көрсетті. Аталған көрсеткіш тұрғындарды мазалаған мәселелердің өз уақытында шешімін тауып, жергілікті деңгейдегі түйткілдердің азая түскенін, яғни кері байланыс механизмінің жүйелі жұмыс істей бастағанын айқын аңғартады.
Дегенмен, маңызды көрсеткіштермен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында әлі де олқылықтардың бар екені жасырын емес. Баяндама барысында өтініштерді қарау барысында бірқатар жауапты мамандар тарапынан заң талаптарын бұзу фактілері анықталғаны айтылды. Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс орнату және олардың мұң-мұқтажын тыңдау туралы талаптарына қарамастан, кейбір мекемелердің салғырттық танытуы сынға алынды.
Осы орайда аудан басшысы Бақыт Асанов бұл мәселеге ерекше тоқталып, заң бұзушылыққа жол берген мекеме басшыларынан ауызша түсініктеме алды. Аудан әкімі халықтың сеніміне селкеу түсіретін мұндай жағдайларға алдағы уақытта түбегейлі жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті. Тұрғындардың өтініштерін уақтылы, сапалы әрі әділ қарау – әрбір басшының басты міндеті екенін атап өтті.
Қорытындылай келе, Мақтаарал ауданындағы бұл жиын мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырып қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы тиімді кері байланысты нығайта түсетінін көрсетті. Өтініштер санының азаюы халықтың көкейіндеги түйткілдердің оң шешімін тауып жатқанын білдірсе, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою жұмыстары алдағы уақытта да бақылауда болатынын аңғартады.
