Мақтаарал ауданында жыл басынан бері аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 3 жағдай тіркеліп, оның біреуі зертханалық жолмен расталды. Науқасқа қатысты тиісті эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізіліп, онымен байланыста болған азаматтардың барлығы қатаң медициналық бақылауға алынды. Бұл туралы аудан әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М.Әшірепиев мәлімдеді.
Жыл басынан бері ауданда кене шағуына байланысты 40 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Аталған көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 жағдайға кем екені байқалады. Мамандардың айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал толықтай тұрақты бақылауда тұр. Дегенмен, ауданның 68 елді мекенінің 30-ы аталмыш қауіпті індет бойынша қолайсыз аймақтар қатарына кіреді. Тұрақты түрде жүргізілген мониторинг барысында барлық елді мекендерден жиналған 1850 кенеге зертханалық зерттеулер жасалып, нәтижесінде қауіпті вирус анықталмағаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, мал шаруашылығы арқылы таралатын қауіптің алдын алу мақсатында ветеринариялық сала жұмыстары да күшейтілді. «Аудандық ветеринариялық қызмет» мекемесінің орынбасары Н.Қуандықовтың баяндамасына сәйкес, көктемгі кезеңде 45 мыңнан астам ірі қара мен 57 мыңнан астам ұсақ мал кенеге қарсы өңдеуден өткен. Сонымен қатар, 886 мың шаршы метрден астам қора-жай және 870 мың шаршы метрден артық мал суаттары мен иірімдері толықтай залалсыздандырылды.
Дегенмен, жиында сала мамандары кенеге қарсы күрес жұмыстарын тиімді әрі жүйелі жүргізуге қолма-қол кедергі келтіретін мәселені де көтерді. Бүгінгі таңда аудан аумағында бір ғана мал тоғыту орнының жұмыс істеуі атқарылып жатқан шаралардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік бермей отыр. Осыған байланысты індеттің алдын алу шараларын күшейту үшін әрбір ауылдық округте кемінде бір мал тоғыту орнын ұйымдастыру аса қажет екендігі атап өтілді.
