МАҚТААРАЛ ӨНЕРПАЗДАРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ ЖҮЛДЕЛІ II ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

Түркістан қаласында ұлттық құндылықтар мен рухани қазынаны дәріптеуді мақсат еткен дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі мәреге жетіп, бұл жолы да мақтааралдықтардың мерейін үстем етті. Көктем мен жаз айларын қамтыған ауқымды мәдени шарада өңірдің барлық аудан-қалалары бақ сынап, өздерінің шығармашылық әлеуетін паш етті. Осындай тартысты әрі мазмұнды бәйгеде Мақтаарал ауданы жоғары өнер көрсетіп, жүлделі екінші орынды еншіледі. Бұл жетістік – аймақтағы мәдениет пен өнер саласының жүйелі дамуының, сондай-ақ сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен табанды ізденісінің айқын көрінісі.

Айтулы фестиваль аясында өңірлердің тарихи-мәдени ерекшеліктері жан-жақты көрсетіліп, көрермендерге ұлттық өнердің озық үлгілері ұсынылды. Театрландырылған қойылымдар, әсерлі вокалдық және хореографиялық композициялар, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр көріністері көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме ұйымдастырылып, халықтық және заманауи өнер үлгілері үйлесім тапты. Осындай бай бағдарламаның ішінде Мақтаарал ауданы өзінің жоғары көркемдік деңгейімен ерекшеленді. Аудан өнерпаздары сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін үйлестіре біліп, қазылар алқасының жоғары бағасына лайық деп танылды.

Төрт жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл өнер мерекесінде мақтааралдық өнер ұжымдарының әрдайым үздіктер қатарынан көрінуі кездейсоқтық емес. Бұл – аудандағы мәдениет ошақтарының жұмысы дұрыс жолға қойылғанын және салаға көрсетіліп отырған қолдаудың нақты жемісін бере бастағанын аңғартады. Аталған табыс аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары, өнерлі ұстаздар мен оқушылар, халықтық ансамбльдер мен барлық өнер жанашырларының ортақ күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Ұлттық мұраны көздің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпақтың санасына сіңіріп жүрген табанды еңбек иелерінің бұл жеңісі өңірдің мәдени беделін одан әрі асқақтата түсетіні анық.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар