МАҚТААРАЛДА NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналған NEET санатындағы жастарды қолдау және оларды еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысының жастар саясатын қолдауға бағытталған тапсырмаларына сәйкес Мақтаарал ауданында жүйелі түрде жалғасып жатыр. Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары кенттер мен ауыл округтерін аралап, жұмыссыз жүрген жастардың нақты тұрғылықты мекенжайын анықтап, әрқайсысының білімі мен мамандығына жан-жақты талдау жүргізуде. Бұл бастама тек статистикалық көрсеткіштерді түзу емес, әрбір жастың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам болып отыр.

Түсіндіру жұмыстары барысында мамандар мамандығы бар жастарды «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастыру жолдарын кеңінен түсіндірсе, ал дипломы жоқ азаматтарды ақылы қоғамдық жұмыстарға тартып, тұрақты табыс көзімен қамту мәселесін басты назарға алуда. Сонымен қатар кездесулер тек жұмыс табумен шектелмей, еңбек нарығының заңдылықтарын түсіндіруге де бағытталған. Атап айтқанда, жастарға еңбек шартын заңды түрде рәсімдеудің, тұрақты зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің маңызы жан-жақты айтылып, олардың болашақтағы әлеуметтік қорғалғануына баса мән берілуде.

Бұл ауқымды шаралардың түпкі мақсаты тек жұмыссыздықты жою ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен D және E санатындағы отбасыларды С санатына көтеру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Мамандардың бұл белсенді жұмысы жастардың қоғамдағы орнын табуына, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына және жарқын болашаққа сеніммен қарауына берік негіз қалайды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар