Мемлекет басшысы әрдайым қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты басты назарда ұстап, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңыздылығын ерекше атап өтеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру мақсатында Мақтаарал ауданында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізілуде.
Үш күнге созылған ауқымды шара барысында аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторлары, әкімдік жанындағы отбасын қолдау орталығының психологтары және білім бөлімінің мамандары бірігіп, арнайы есепте тұрған азаматтардың үйлерін аралады. Бұл рейдтің басты мақсаты – тек қадағалау емес, сонымен қатар отбасы ішіндегі дау-жанжалдардың алдын алып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тамырына балта шабу.
Тексеру барысында мамандар есептегі тұлғалардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, олардың заң талаптарын қаншалықты сақтап отырғанын бақылауға алды. Әрбір отбасымен жеке сұхбаттасқан психологтар мен құқық қорғаушылар құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қайталама қылмыстарға жол бермеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, отбасылық қатынастарды нығайту, өзара сыйластық пен жауапкершілікті арттыру бағытындағы кеңестерге басымдық берілді.
Мұндай кешенді шаралар тек заң талаптарын орындатумен шектелмей, қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді де көздейді. Мамандардың айтуынша, профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде отбасылық даулардың азаюына және азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуына мүмкіндік туады. «Қауіпсіз үй» акциясы аясындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, әрбір шаңырақтың тыныштығын сақтауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
