Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласында өткен Тамыз конференциясына қатысып, жұмыс сапары барсында мегаполистегі білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан оң өзгерістер мен серпінді дамудың нақты көрінісіне айналған бірқатар нысандарды аралады.
Сапар аясында министр қала әкімдігі ғимаратында орналасқан Жедел басқару орталығының (ЖБО) жұмысымен танысты. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Жедел басқару орталығының мүмкіндіктерін түсіндірді.
Жедел басқару орталығы – білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында қолға алынған ауқымды жоба. Жоба аясында 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығуға бейімделеді.
Жоба шеңберінде Жедел басқару орталығы, Әдістемелік орталық, дабыл жүйесі мен цифрлық инфрақұрылым толық интеграцияланып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін болады.

Жүйе толық іске қосылған жағдайда, мұғалімдердің оқу үдерісіндегі қызметін, оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры және Білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталықтың мамандары мен Білім басқармасының басшылығы онлайн режимде толықтай қадағалау, зерделеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде оқу сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, болашақта «Kundelik.kz» электрондық платформасы арқылы ата-аналарға да қолжетімділік берілуі мүмкін. Ата-аналар баласының сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін және жалпы оқу процесінің өту барысын онлайн бақылап отыра алады. Бұл – ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, оқушылардың оқуына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді
Министр осы сапарында жаңадан бой көтерген заманауи мектептерге, күрделі жөндеуден өткен білім беру мекемелеріне, қосымша білім беру ұйымдары мен колледждерге барып, оқу-тәрбие процесінің жай-күйімен етене танысты.
