МЫРЗАКЕНТТЕГІ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРДА ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік нысандардың аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыру және абаттандыру жұмыстарын күшейту мақсатында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды зерделеу және тиісті нұсқамалар беру үшін аудан әкімі Бақыт Асановтың өкімімен арнайы жұмысшы топ құрылып, олар кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Кезекті рейдтік іс-шара аудан орталығы Мырзакент кентінде ұйымдастырылып, оған кент әкімі, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар саласының және өзге де жауапты мекемелердің өкілдері қатысты.

Жұмысшы топ мүшелері сауда орындарын, қоғамдық тамақтану нысандарын, қызмет көрсету орталықтары мен басқа да кәсіпкерлік субъектілерін аралап, нысан иелеріне санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру, сыртқы келбетін жаңарту, іргелес аумақтарды тұрақты тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, заңсыз жарнамалар мен артық заттарды жою, сондай-ақ қоршаулар мен кіреберістерді талапқа сай ұстау жөнінде нақты ұсынымдар берілді.

Рейд барысында жұмысшы топ мүшелері тазалық пен тәртіпті сақтау – әрбір кәсіпкердің ортақ міндеті екенін, кенттің көркі мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда бизнес өкілдерінің жауапкершілігі жоғары екенін баса айтты.

Кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды сақтамаудың жауапкершілігі туралы ескертіліп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою бойынша тапсырмалар жүктелді және бұл мәселелер тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай түсіндіру және зерделеу жұмыстары ауданның барлық елді мекендерінде кезең-кезеңімен жалғасатын болады, өйткені басты мақсат – санитариялық тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердің көркін арттыру және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар