Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның белсенді азаматтарымен арнайы кездесу өткізді. Жиынға құқық қорғау органдары, аудан әкімінің орынбасары, бөлім басшылары мен жауапты мамандар қатысты.
Мемлекет басшысы атап өткендей, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар әрқашан бірінші орында тұруы тиіс. Осы қағидатты берік ұстанған аудан басшылығы мен белсенді тұрғындардың басқосуында күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар ашық айтылды. Атап айтқанда, ауызсумен қамту, аумақтарды газдандыру, жер қатынастары мен білім беру салаларына қатысты көкейде жүрген сауалдар ортаға салынып, тиісті жауаптар берілді.
Тұрғындар көтерген мәселелердің бірқатары сол жерде шешімін тапса, қосымша зерделеу мен қаржыландыруды қажет ететін күрделі түйткілдер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл ретте биліктің халықпен кері байланысы тек қағаз жүзінде емес, бетпе-бет сұхбат түрінде жүзеге асатыны айқын көрінді.
Жиын барысында тек әлеуметтік мәселелер ғана емес, сонымен қатар туған жерді көркейтуге бағытталған игі бастамалар да қызу талқыланды. Мәселен, Бадам ауылының белсенді азаматы ауыл аумағындағы бұлақтың көзін ашу туралы құнды ұсыныс білдірді. Бұл бастама ел көлемінде қолдау тапқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы «Мөлдір бұлақ» бағытымен толық үндесіп жатыр. Аудан әкімі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға бағытталған бұл игі істі толық қолдайтынын жеткізіп, бұлақ көзін ашу жұмыстарына тиісті сала мамандарымен бірге жеке өзі атсалысатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелерге жол кедергілерін орнату туралы ұсыныс білдіріліп, бұл мәселе де бақылауға алынды.
Қысқасы, Ордабасыда өткен бұл кездесу халық пен жергілікті атқарушы биліктің бір мақсат жолында жұдырықтай жұмыла білетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

