Бүгінгі таңда ел тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Солардың бірегейі — қоғамдық тәртіпті нығайту мен құқық бұзушылықтың алдын алуды көздейтін «Қауіпсіз қоғам» жобасы. Осы ауқымды жоба аясында ағымдағы жылдың 15–19 маусым аралығында Отырар ауданы аумағында «Ішімдіксіз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың профилактикасын күшейту, сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау болып табылады.
Аталған іс-шара аясында Отырар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ауылдық елді мекендерде тұрақты түрде профилактикалық рейдтік шаралар ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары тұрғындармен кездесіп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, рейд барысында аудандағы сауда орындары жіті тексеріліп, алкоголь өнімдерін өткізу талаптарының сақталуы бақылауға алынды. Заң талаптарын бұзудың алдын алуға бағытталған бұл кешенді шаралар кәсіпкерлер мен саудагерлердің де жауапкершілігін арттыра түсті.
Тәжірибе көрсеткендей, ішімдікке тәуелділік пен мас күйінде жасалатын теріс әрекеттер — көптеген құқық бұзушылықтар мен отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан, «Қауіпсіз қоғам» қағидатын қалыптастыру тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың тікелей жауапкершілігі.
Осыған орай, Отырар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері барша тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады. Өз денсаулығымыз бен отбасымыздың амандығын бағалап, салауатты өмір салтын ұстану — қауіпсіз әрі жарқын болашақтың кепілі екені анық.
