ОТЫРАР: САЙЛАУДЫҢ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫН ТҮСІНДІРДІ

Отырар ауданында сайлау процесін заңнамалық тұрғыдан сапалы ұйымдастыру мақсатында арнайы оқыту семинары өтті. Іс-шара Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен және 2026 жылға арналған білім беру жоспары аясында ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – алдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы сайлауына дайындық жұмыстарын жетілдіру және сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру болды.

Іс-шараға №517-ден №523-ке дейінгі сайлау учаскелерінің комиссия мүшелері қатысты. Семинар барысында Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Н.Масанов сайлау науқанын өткізудегі өзекті заңнамалық талаптарға тоқталды. Ол сайлау процесін ұйымдастырудың негізгі тетіктерін жүйелеп, учаскелік комиссиялардың жұмысын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Баяндамада сайлаушылар тізімдерін нақтылау, дауыс беру күніндегі рәсімдерді заң талаптарына сәйкес жүргізу және қорытынды хаттамаларды дұрыс рәсімдеу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, сайлау барысындағы ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтау, байқаушылармен тиімді өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ азаматтардың заңды өтініштері мен шағымдарын қарастыру мәселелері де талқыланды.

Семинар тек теориялық сипатта өтпей, практикалық элементтерге де негізделді. Қатысушыларға әдістемелік материалдар таратылып, тәжірибелік тапсырмалар орындату арқылы алған білімдері бекітілді. Аудитория арасында пікір алмасу мен тәжірибе бөлісу қарқынды жүріп, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Мұндай семинарлар сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсіби даярлығын нығайтып, алдағы сайлау науқанын жоғары деңгейде өткізуге зор серпін береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар