Сайрам ауданында «Жаңа қоныс-2026» жәрмеңкесі өтті

Түркістан облысында Солтүстік өңірлерге бағытталған «Жаңа қоныс» жәрмеңкесі аясында Абай облысы, Қарағанды облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау және Шығыс Қазақстан өңірлерінен келген делегация өкілдері аудан тұрғындарымен ашық аспан астында Мәртөбе алаңында кездесіп, 10 мыңнан астам бос жұмыс орындарын ұсынды.

Жәрмеңкеге жалпы 500-ге жуық азамат қатысты. Атап айтқанда, Төлеби ауданынан – 80 адам, Түлкібас ауданынан – 80 адам, Ордабасы ауданынан – 60 адам, ал Сайрам ауданынан 300-ге жуық тұрғын қатысты.

Іс-шара барысында қатысушыларға Солтүстік өңірлердегі еңбек нарығы, ұсынылатын бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат берілді. Мамандар тарапынан әр азаматқа жеке кеңес беріліп, олардың сұрақтарына нақты жауаптар ұсынылды.

Қоныс аударушылар өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасумен қатар, ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастап, табысын арттыруға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, бағдарлама қатысушыларына көшу шығындарын өтеу үшін материалдық көмек көрсетіліп, бір жыл бойы баспанамен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

Жәрмеңкеге Сайрам ауданының әкімі М. Оразалиев қатысып, жиын барысында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол бұл бастаманың өңірлер арасындағы теңгерімді дамытуда маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, азаматтарды ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, тұрақты жұмысқа орналасуға шақырды. Аудан әкімі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтарын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Аталған жәрмеңке халықты жұмыспен қамтуға, өңіраралық көші-қонды реттеуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар