Сайрам ауданында өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа жобалар қарқынды жүзеге асуда. Соның бір айғағы ретінде жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен салынып жатқан шағын өндірістік парк құрылысын айтуға болады. Бұл жоба аудан экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында бірнеше бағыттағы цехтардың құрылысы белсенді түрде жүргізілуде. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев нысандардың құрылыс барысымен арнайы танысып, жауаптыларға жұмыс сапасын қатаң сақтап, нысандарды белгіленген мерзімде тапсыруды тапсырды. Бұл – жобаның уақытылы іске асырылуы мен сапалы жүзеге асуына кепілдік береді.
Өндірістік парк аумағында қағаз қалдықтарын қайта өңдеу цехы салынып жатыр. Бұл жобаға 250 миллион теңге инвестиция құйылған. Цехтың өндірістік қуаттылығы тәулігіне 20 тоннаға жетеді. Жобаның іске қосылуы нәтижесінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, бұл аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік қолдау болып табылады.
Сонымен қатар, өндірістік парк аумағында сүт өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаға 350 миллион теңге инвестиция бөлінген. Цех тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің азық-түлік саласындағы өндірістік әлеуеті айтарлықтай артады.
Бұдан бөлек, өндірістік парк аумағында күн панелі арқылы электр қуатын өндіру жобасы да жүзеге асырылуда. Нысанның қуаттылығы 200 кВт, инвестиция көлемі 50 миллион теңгені құрайды. Бұл жоба экологиялық таза энергия көздерін дамытуға бағытталған және іске қосылғаннан кейін 2 адам жұмыспен қамтылады.
Аталған құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл өндірістік парк Сайрам ауданының экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, ауданның жалпы экономикалық көрсеткіштері жақсарады деп күтілуде. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді, жастарды еңбекпен қамту мәселесін шешуге ықпал етеді.
