Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум нәтижесінде Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев Қытай инвесторы Жонгпинг Ан мырзамен кездесті. Шетелдік кәсіпкер өз жобасын таныстыру, жүзеге асыру мақсатында Сайрам ауданына арнайы келді. Инвестор аудандағы мал шаруашылығының әлеуетін ескере отырып, ішек-қарын қалдықтарын қайта өңдеу арқылы үй жануарларына арналған азық өндіретін өндіріс орнын салу жобасын ұсынды. Бұл жоба аудандағы Арыс ауылдық округіндегі Агроиндустриалды аймақта жүзеге асырылмақ. Аталған жоба мал қалдықтарын тиімді өңдеуге, экологияны жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев бұл бастаманы толық қолдайтынын, жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ, аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына шетелдік инвесторларға қажетті көмекті көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
