2026 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жаңа «Салық кодексі» күшіне енеді. Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер туралы кеңінен түсіндірді.
«Қазіргі заманғы экономикада цифрландыру процестері барлық салада, соның ішінде салық жүйесінде де маңызды рөл атқарады. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру – бұл салық органдарының жұмысын автоматтандыру, деректерді өңдеуді жеделдету және салық төлеушілермен өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жиынтығы. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттің экономикалық дамуына, бюджеттің кірістерін арттыруға және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді» деп атап өтті Сапарбек Еркінбекұлы.
Департамент өкілінің түсіндіруінше, жаңа Салық Кодексінде ҚҚС бойынша тіркеу шегі 10 000 АЕК болып белгіленді, ал тіркеу үш форматта: ерікті, міндетті және шартты түрде жүзеге асырылады. Мемлекеттік мекемелер мен арнайы режим қолданушылар тіркеуден босатылады.
Салық есептілігі айтарлықтай қысқарды: бұрынғы 39 нысанның 12-сі алынып тасталып, электрондық форматқа көшірілді. Кәсіпкерлер қызмет түрін өзгертсе, жүйе нысандарды автоматты түрде жаңартады.
Берешек сомасына қарай салықты өндіріп алу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады:
20 АЕК-ке дейін – ескерту,
20–45 АЕК – шотты бұғаттау,
45 АЕК-тен жоғары – мүлік есебінен өндіріп алу.
«Үш айдан астам қарыз өтелмесе, сот арқылы елден шығуға шектеу қойылуы мүмкін.
Салықтық тексерулердің мерзімі де қысқарды: кешенді тексеру – 30 жұмыс күніне дейін, ал шағын бизнес үшін жалпы шегі – 180 күн» деді спикер.
Құжаттарды электронды түрде ұсыну мүмкіндігі берілді, ал шағын кәсіп иелерінен қағаз құжат талап ету екі ретпен шектелді.
Салықтық әкімшілендіруді цифрландырудың негізгі бағыттары – электрондық декларациялау, жеке салық кабинеті, электрондық шот-фактуралар, деректерді талдау, онлайн кеңес беру және электрондық төлемдер. арқылы салық жүйесін тиімдірек, жылдам әрі ашық ету.
Бұл өзгерістер кәсіпкерлікке түсетін жүктемені азайтып, салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған. Құжат шағын және орта бизнесті, әлеуметтік және өндірістік секторды қолдауға арналған нақты өзгерістерді қамтиды. Ал, бұл саланы цифрландыру салық жүйесінде тиімділік пен ашықтықты арттырып, бизнеске сенімді әрі әділ салықтық орта қалыптастырады.
