ШЫМКЕНТТЕ БІРДЕН ҮШ ШАХМАТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Шымкентте тұрғындардың шахматпен айналысуына арналған үш жаңа нысан пайдалануға берілді. Шахмат үйлері Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында орналасқан.

Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті Тимур Турлов қатысты.

Қала әкімі шахмат үйлерінің ашылуы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, балалар мен жастардың зияткерлік қабілетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қаламызда шахматқа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. 2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған болатын. Бүгінде бұл игі бастама жалғасуда. Жаңа нысандар тұрғындарға бас қосуға, шахматпен тұрақты айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Жаңа шахмат үйлері қандай мүмкіндіктер ұсынады?

Үш нысанның ішіндегі ең үлкені Абай атындағы саябақта орналасқан. Оның аумағы 223 шаршы метрді құрайды. Ал Металлургтер саябағы мен 17-шағынаудандағы павильондардың әрқайсысының ауданы – 81 шаршы метр. Нысандардың бірінде жазғы терраса да қарастырылған.

Барлық шахмат үйі арнайы шахмат үстелдерімен жабдықталған. Бұл тұрғындарға қолайлы ортада бас қосып, шахмат ойнауға және шеберліктерін жетілдіруге жағдай жасайды.

FIDE және KazChess президенті Тимур Турлов шахмат инфрақұрылымының қолжетімді болуы болашақ чемпиондарды даярлауда және бұқаралық шахматты дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Оның сөзінше, Шымкент турнирлер саны мен дарынды ойыншыларының, әсіресе балалар мен жастардың үлесі бойынша шахмат дамыған қалалардың қатарына қосылып келеді. Ал чемпиондарды тәрбиелеу үшін ең алдымен халық арасында осы спорт түріне деген қызығушылықты арттыру қажет.

«Үлкен спорт бұқаралық қызығушылық пен ойынға деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан бірден үш шахмат үйінің ашылуын маңызды қадам деп санаймын. Бұл нысандар қаланың қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, Шымкенттің Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші шахмат орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсетініне сенімдімін», – деді Тимур Турлов.

Жобаны кім қаржыландырды?

Шахмат үйлерінің құрылысын Freedom Holding Corp. компаниясы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырды. Құрылыс жұмыстарын «Орда-Строй Капитал» ЖШС атқарды. Ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін Freedom Telecom оларды интернет желісіне қосуды жоспарлап отыр.

Шымкент – шахмат дәстүрі қалыптасқан қала

Шымкенттің шахмат тарихы бай. Тамара Клинк, Ләззат Тәжиева, Гүлісхан Нахбаева және Ринат Жұмабаев секілді танымал спортшылардың есімдері қала тарихымен тығыз байланысты. Шымкент шахмат мектебінің өкілдері ел чемпионаттарында жеңіске жетіп, халықаралық жарыстарда да табысты өнер көрсетіп келеді.

Қалада шахматты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2024 жылы Шымкентте FIDE әйелдер арасындағы Гран-при кезеңі өткізілді. Ал 2026 жылдың наурызында жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайтын KazChess Masters Nauryz халықаралық турнирі ұйымдастырылды.

Шахматтық білім беру саласына да басымдық беріліп отыр. Биыл тамыз айында 48 жергілікті педагог «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша оқудан өтті.

Үш жаңа шахмат үйінің ашылуы қаладағы зияткерлік спорттың дамуына тың серпін бермек. Жаңа алаңдар балалар мен жастардың, әуесқой ойыншылар мен тәжірибелі шахматшылардың басын қосып, Шымкенттің шахмат орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар