Шымкент қаласына еліміздегі кәсіпорындарды цифрландыру мен технологиялық жаңғыртуды дамыту бағдарламасы аясында «QazIndusty» Қазақстан индустрия және экспорт орталығы» АҚ өкілдері жұмыс сапарымен келді.
«QazIndustry» АҚ мамандары өнеркәсіп секторына цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі шешімдерді енгізуге белсенді түрде жәрдемдесуді көздейді. Сонымен қатар, кәсіпорындардың технологиялық жетілу деңгейін бағалау және олардың даму стратегияларын айқындау үшін арнайы кездесулер мен өндірістік нысандарға бару жұмыстары ұйымдастырылды.
Сапар барысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Ontustik kagaz» ЖШС және «Бал Текстиль» ЖШС кәсіпорындарының басшыларымен және мамандарымен кездесулер өтті. Бұл кездесулерде кәсіпорындардың қазіргі жағдайы, өндірістік үдерістері, қолданылатын технологиялар мен бағдарламалық жүйелер жан-жақты талқыланды. Әсіресе, жасанды интеллект және өндірістік процестерді автоматтандыру саласындағы кәсіпорындардың ұсыныстары мен қажеттіліктері ерекше назарға алынды.
«QazIndustry» АҚ-ның цифрлық трансформациялау дирекциясының бас сарапшысы Айнұр Ахтанованың айтуынша, қазіргі таңда өнеркәсіп орындарында цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
«Біздің өңірге келудегі басты мақсатымыз – өнеркәсіп орындарына жан-жақты қолдау көрсету, олардың біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар мен арнайы сессиялар өткізу. Осы бағытта биыл арнайы Жол картасы әзірленді. Атап айтқанда, «Бал текстиль» ЖШС біздің заманауи цифрлық кәсіпорын жобасына енген болатын. Бүгінгі аралаудың қорытындысы бойынша, біз кәсіпорындарға нақты ұсыныстар беріп, олардың технологиялық даму деңгейін бағалаймыз. Біз өнеркәсіп орындары туралы толық ақпарат жинап, олардың өзекті мәселелерін анықтап, тиісті цифрлық шешімдерді ұсынамыз. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда біз Astana Hub-пен тығыз байланыста жұмыс істейміз», – деді А. Ахтанова.
Сондай-ақ, «QazIndusty» АҚ өкілдерінің «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «Shymkent Temir» ЖШС, «AQUA ROSSA» ЖШС кәсіпорындарына баруы жоспарланып отыр. Сапар барысында кәсіпорындардың қазіргі жағдайына кешенді талдау жасалады. Онда өндірістік және басқару процестері, қолданылып жүрген жабдықтар мен бағдарламалық жүйелер қарастырылып, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, кәсіпорындардың даму стратегиясы айқындалмақ.
