Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында өнеркәсіптік кәсіпорындарға қызмет көрсететін тұйықталған теміржол желісінің құрылысы аяқталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа инфрақұрылымның жұмысымен танысты.
Жаңа теміржол желісінің жалпы ұзындығы – 6,4 шақырым. Құрылыс барысында теміржол төсемі төселіп, жұмыстар жүргізілген аумақтардағы асфальт жабыны да толық қалпына келтірілген.
Бұл инфрақұрылым индустриалды аймақтағы кәсіпорындардың жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, шикізат пен қажетті материалдарды жеткізу, дайын өнімді жөнелту жұмыстары жеңілдейді.
Сонымен қатар жаңа теміржол желісі өндіріс орындарының логистикалық шығындарын оңтайландыруға және индустриалды аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа кәсіпорындарды орналастыруға және қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға жағдай жасамақ.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымын дамытып, теміржол желісін кеңейту және жүк тасымалының тиімділігін арттыру қажеттігін атап өткен болатын.
«Жұлдыз» индустриалды аймағындағы теміржол құрылысы осы бағыттағы жұмыстардың бірі саналады.
