Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында шымкенттік өнер ұжымдары Еуропа елдерінде өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық мәдениеті мен музыкалық мұрасын халықаралық көрерменге таныстырды. Өнер сапары Бельгияның Монс қаласында өткен концертпен қорытындыланды.
«Шымкент концерт» ұйымының өнерпаздары ұйымдастырған еуропалық турне аясында «Қаған» этнофольклорлық ансамблі, «Яссы» би ансамблі және жеке орындаушылар Астана Қарғабай мен Айнұр Назарбекова өнер көрсетті.


Концерттік бағдарламада әлемдік классикалық шығармалар мен қазақ халқының бай музыкалық мұрасы үйлесім тапты. Өнерпаздар ұлттық әуендер мен дәстүрлі өнердің ерекшелігін паш етіп, еуропалық көрерменге мазмұнды мәдени кеш сыйлады.
Аталған мәдени шара Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі мен Монс университеті арасындағы академиялық, ғылыми және мәдени ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды.
Өнер кеші екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, еуропалық жұртшылықтың қазақ өнеріне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Осылайша, шымкенттік өнерпаздардың Еуропаға жасаған сапары ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейде насихаттауға және Қазақстанның мәдени әлеуетін танытуға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды.
