Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде Түркістан облысында ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бір айғағы ретінде, облыс әкімдігінің қолдауымен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жастар жобасы Отырар ауданында жоғары деңгейде жалауын желбіретті.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Қадыров пен Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы қатысты. Олар өз сөзінде жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен спортқа деген ынтасын арттырудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі жастар – елдің ертеңі. Сондықтан олардың заң талаптарын қатаң сақтап, жат қылықтардан аулақ болуы, салауатты өмір салтын ұстануы мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі болып табылады», – деп атап өтті спикерлер.
Кездесу аясында жастармен ашық сұхбат түріндегі профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиында бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне айналған жастарды заңсыз қаржылық схемаларға (дропперлікке) тартылудан сақтандыру, киберқылмыскерлердің құрығына түспеу жолдары, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік ережелері және құқық бұзушылықтардың алдын алу және жауапкершілік тақырыптары кеңінен талқыланды.

Жоба тек құқықтық емес, сонымен қатар спорттық бағытты да қамтыды. Workout (көше гимнастикасы) бойынша өткен тартысты жарыстар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, төзімділік пен тәртіпке баулуды мақсат етті. Отырарлық жастар спорттық белсенділік пен шымырлықтың нағыз үлгісін көрсетті.
Тартысты турнирдің қорытындысы бойынша оқ бойы озық шыққан жас спортшылар Есен Батырхан, Талғат Айбек және Медеубек Болатбек облыстық финалдық кезеңге жолдама алды.
«TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жобасы аясындағы мұндай шаралар аймақ жастарының арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін бермек. Шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.
