Шымкентте Startup Orda өңірлік инкубациялық бағдарламасына өтінімдер қабылдау басталды. Бұл туралы Shymkent hab орталығының аймақтық менеджері Тимур Қозыкеев хабарлады.
Startup Orda – бұл IT-стартаптарға арналған идея немесе MVP (өнімнің, қызметтің немесе сервистің минималды функциялары бар сынақ нұсқасы) сатысындағы, дамуды жеделдетіп, өсудің келесі кезеңіне дайындалғысы келетін инкубациялық бағдарлама.
«Startup Orda» тегін стартап-инкубаторы жобасының мақсаты – сертификатталған спикерлермен офлайн және онлайн сессиялар, семинарлар, мастер-класстар өткізу, нөлден бастап IT-жобаны іске қосу негіздеріне үйрету, сондай-ақ идеяны жүзеге асыру үшін ақшалай сыйлық ұтып алуға мүмкіндік беру.
Бағдарлама барысында қатысушылар кәсіпкерлік және технологиялық дағдыларды дамытады, тәлімгерлік қолдау мен трекинг алады, MVP құрумен жұмыс істейді. «Startup Orda» қатысушыларына тиімді бизнес-процестерді құруға, масштабтауға, пікірлестермен танысуға және инвестиция тартуға дайындыққа көмек көрсетіледі, – деп атап өтті Тимур Қозыкеев.
Бағдарламаға технологиялық идеясы бар, оны өміршең өнімге айналдыруға дайын стартаптар, өсуге және гипотезаларды тестілеуге ұмтылатын ерте кезеңдегі стартаптар (MCI, MVP), сонымен қатар масштабтауға және нарыққа шығуға дайын, жұмыс істейтін өнімі бар жобалар сәйкес келеді.
Бағдарлама барысында стартаптарға нарық сарапшыларымен қарқынды воркшоптар, тәлімгерлік сессиялар және практикалық сабақтар өткізеді. Негізгі назар өнімді нақтылауға, клиенттерді тартуға және инвесторлар алдында демонстрацияға дайындалуға бағытталған.
Startup Orda бағдарламасына қатысу тегін, ол Demo Day-ді қоса алғанда екі айға созылады.
Қорытынды кезең – Demo day – бұл бағдарламадан өткеннен кейін өнім/қызметті одан әрі дамыту жоспарлары мен жұмыс нәтижелерін арнайы сарапшылар комиссиясына ұсыну.
Естеріңізге саламыз, Startup Orda – бұл әлемдегі IT-технологияларды дамытудың маңыздылығын ескере отырып, жаһандық трендтер негізінде құрылған бағдарлама.
Бағдарламаға 16 жастан асқан тұлғалар қатыса алады. Ол үшін ЖСН мен ЭЦҚ, IT-компонент (идея немесе MVP деңгейінде) және Startup Academy сертификаты (міндетті) болуы қажет.
Бағдарлама Қазақстанның 16 өңірінде өтеді.
Айта кету керек, мұндай кәсіби қауымдастықтарды құру республика өңірлері тұрғындарының IT-кәсіпкерлікке деген қызығушылығын оятады, инновациялық жобалардың дамуына, өңірлік стартап-инкубаторлардың іске қосылуына, еліміздің түкпір-түкпірінен жас және дарынды IT мамандарының сыни массасын тартуға серпін береді.
