ТҮРКІСТАН: КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА МЕН ПЕРЗЕНТХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан қаласы – рухани астанамыз ғана емес, сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың орталығына айналуда. Соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы маңызды жаңалықтардың бірі – қаладағы көпбейінді аурухананың құрылысы.

Бүгінде Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде іске асырылып жатыр. Бұл нысанның ашылуы облыс тұрғындары үшін медициналық көмекке қолжетімділікті арттырып, ауруларды емдеу мен оңалту процестерін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. Жаңа ауруханада әртүрлі бейіндегі бөлімдер, озық медициналық құрал-жабдықтар және жоғары білікті мамандар жұмыс істейтін болады. Бұл, өз кезегінде, ауыр науқастарды емдеуге, күрделі операцияларды жүргізуге және халыққа жан-жақты медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Жоспар бойынша 2026 жылдың 4-тоқсанында құрылысты аяқтау көзделіп отыр. Заманауи нысан 15,6 гектар аумақта бой көтерген. 7 қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 83 277 шаршы метр. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған.

Денсаулық сақтау саласын нығайту бағытындағы тағы бір маңызды жоба – Біріккен Араб Әмірлігінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен бой көтеріп жатқан 80 орындық перзентхана. Бұл нысанның құрылысы ана мен бала денсаулығын қорғауға, жаңа туған сәбилерге сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Заманауи перзентханада жүкті әйелдерді бақылау, босану процесін қауіпсіз жүргізу, жаңа туған нәрестелерге арналған реанимация бөлімдері және басқа да қажетті жағдайлар жасалатын болады. Бұл жобаның жүзеге асуына Біріккен Араб Әмірлігінің «Абу-Даби» қорының елеулі үлес қосуы, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын айғақтайды.

Аталған екі маңызды нысанның құрылысы келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл Түркістан қаласы мен облыс тұрғындары үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз. Жаңа аурухана мен перзентхананың ашылуы халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды қадам болып табылады. Бұл жобалар Түркістанның болашағына деген сенімді нығайтып, халықтың игілігіне қызмет ететін жаңа мүмкіндіктер есігін ашады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар