Түлкібас ауданындағы басты көлік торабы — теміржол вокзалында ауқымды жөндеу және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жолаушылар үшін қолайлы әрі заманауи жағдай жасауды көздейтін бұл жоба аясында нысанның ішкі-сыртқы келбеті толықтай жаңғыртылуда.
Түлкібас теміржол вокзалы қазір жөндеуден өтіп жатыр. Қазіргі уақытта вокзал ғимаратының сыртқы қасбетін әрлеу, ішкі безендіру жұмыстары, инженерлік жүйелерді реттеу және аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, вокзал маңына асфальт төселуде, автокөлік тұрағы салынып жатыр, сыртқы жарық шамдары орнатылуда және жол таңбалары сызылуда.
Бұл жауапты жобаны отандық «Ел Ынтымағы» мердігер мекемесі жүзеге асыруда.
Компания өкілдерінің мәліметінше, барлық құрылыс-монтаж және көгалдандыру-абаттандыру процестері ағымдағы жылдың 12 шілдесіне дейін толық аяқталып, нысанды ресми түрде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Теміржол вокзалы — ауданның сыртқы қонақтарды қарсы алатын басты қақпасы болғандықтан, атқарылып жатқан жұмыстар жергілікті биліктің жіті бақылауында. Жақында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
Аудан басшысы нысанның әр кезеңдегі атқарылып жатқан жұмыстарын жіті қадағалап, құрылыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына ерекше назар аударып келеді.
«Бұл — халықтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды жоба. Сондықтан жұмыс сапасына ешқандай нұқсан келмеуі тиіс», — деді аудан әкімі.
Сапар соңында Асқар Естібаев мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс талаптарының қатаң сақталуын, жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, нысанды уақытылы ел игілігіне тапсыруды шегелеп тапсырды. Жақын күндері түлкібастықтар мен аудан қонақтары заманға сай жаңарған, жайлы вокзалдың қызметін пайдалана алатын болады.
