ТҮРКІСТАН: 8 ЖЫЛДА 134 ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және халыққа қолжетімді, сапалы медициналық көмек көрсету бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында өңірдегі медициналық қызмет көрсету желісі айтарлықтай кеңейіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған іргелі жобалар іске асырылуда.

Өңір құрылған алғашқы жылдардан бастап денсаулық сақтау нысандарының саны үнемі өсіп келеді. 2018 жылы алғашқы дәрігерлік амбулатория іске қосылса, 2019 жылы 6 емхана, бір дәрігерлік амбулатория және қосымша ғимарат пайдалануға берілді. 2020 жылы модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының салынуы эпидемиологиялық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосты. 2022 жылы 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП), 11 медициналық пункт және облыстық жедел жәрдем станциясы ел игілігіне тапсырылды.

Соңғы жылдары медициналық инфрақұрылымның даму қарқыны одан сайын арта түсті. 2023 жылы 1 аудандық емхана, 3 дәрігерлік амбулатория және 13 ФАП салынса, 2024 жылы 23 дәрігерлік амбулатория, 25 ФАП және 7 медициналық пункт тұрғындардың игілігіне берілді. 2025 жылға жоспарланған жобалар аясында Түркістан қаласында балаларды оңалту орталығы ашылып, 8 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП және 22 медициналық пункттің құрылысы аяқталды.

Осылайша, облыс бойынша жалпы саны 134 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартып, ауылдық елді мекендердегі медициналық қызметтің сапасын арттырды. Нәтижесінде, халық денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері тиімді шешімін табуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын күшейту жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Биылғы жылы тағы да 24 медициналық нысанның құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП, 11 медициналық пункт және 4 жедел жәрдем дислокациясы бар. Жаңа нысандардың іске қосылуы ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін одан әрі арттырып, Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін жаңа биіктерге көтеруге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар