ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 150 МВТ ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНСАСЫ САЛЫНАДЫ

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облысында қуаты 150 МВт болатын жел электр стансасы салынады. Жоба БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 конференциясы аясында жасалған келісімдерге енгізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан COP31 конференциясына қатысты. Халықаралық жиында климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік және тұрақты даму мәселелері талқыланды.

Премьер-министр өз сөзінде Қазақстанның экологиялық бастамалары мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы жоспарларына тоқталды.

Оның айтуынша, соңғы алты жылда елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі төрт есе өсіп, 2026 жылы 8 пайызға жеткен. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қазір Қазақстанда жел және күн энергетикасы, атом энергетикасы мен «жасыл» сутегі өндірісін дамытуға басымдық берілуде.

Түркістан облысындағы жел электр стансасы – осы бағыттағы жаңа жобалардың бірі. COP31 конференциясы аясында қазақстандық делегация жаңартылатын энергия көздерін дамыту және газ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жалпы құны шамамен 1,2 млрд доллар болатын бірқатар келісімге қол қойды.

Келісімдерге сәйкес:

  • Түркістан облысында қуаты 150 МВт жел электр стансасы салынады;
  • Қостанай облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасының құрылысы жоспарланған;
  • Aqyl Energy жобасы аясында деректерді қашықтан жеткізетін 1,35 млн интеллектуалды газ есептегіші орнатылады.

Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде де құжаттар қабылданды.

COP31 алаңында Олжас Бектенов Қазақстанның «Таза Қазақстан» бастамасы туралы да айтты. Оның мәліметінше, бүгінде 6 миллионнан астам азамат елді мекендерді көгалдандыру мен табиғатты қорғау жұмыстарына қатысып жүр. Соңғы бес жылда республика бойынша шамамен 1,7 млрд ағаш отырғызылған. Ал 2027 жылы тағы 270 млн көшет егу жоспарланып отыр. Осылайша, Мемлекет басшысы белгілеген 2 млрд ағаш отырғызу міндетін орындау көзделген.

Сонымен қатар Премьер-министр су қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып, Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтергенін атап өтті.

Қазақстанның ұлттық павильонында да еліміздегі экологиялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында Солтүстік Аралды қалпына келтіру, Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, орман алқаптарын қалпына келтіру, қалдықтарды қайта өңдеу және «жасыл» энергетиканы дамыту бастамалары бар.

Айта кетейік, COP31 конференциясы аясындағы келісімдер Қазақстанның жаңартылатын энергия көздеріне көшу жоспарын жүзеге асыруға бағытталған. Түркістан облысында салынатын жаңа жел электр стансасы да осы жұмыстардың бір бөлігі болмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар