Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау процесінің ашықтығы мен сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Осы орайда, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Өсербаевтың жетекшілігімен Zoom платформасы арқылы онлайн-кеңес өтті.
Ауқымды жиынға аудандық және қалалық әкімдіктер аппараттарының басшылары, сондай-ақ жергілікті жерлерде сайлаушылар тізімін қалыптастыруға тікелей жауапты мамандар қатысты. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңестің басты мақсаты — сайлау науқанының ең маңызды әрі негізгі кезеңдерінің бірі саналатын сайлаушылар тізімін даярлау жұмыстарының сапасын арттыру және кез келген техникалық немесе құқықтық кемшіліктердің алдын алу.
Жиын барысында сайлаушылар тізімін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен арнайы алгоритмге сәйкес нақты мерзімде дайындау; әрбір азаматтың сайлау құқығын қорғау мақсатында тізімдердің сапалы әрі қатесіз түзілуін қамтамасыз ету; жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мамандардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Өсербаев сайлаушылар тізімін қалыптастыру жұмысының маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға заңнама талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
«Сайлаушылар тізімінің нақтылығы мен сапасы — сайлау процесінің әділ әрі заңды өтуінің кепілі. Әрбір жауапты маман белгіленген мерзімдерді қатаң сақтай отырып, өз міндетін жоғары деңгейде орындауы тиіс», — деп атап өтті комиссия төрағасы.
Жиын қорытындысы бойынша аудан және қала әкімдіктерінің аппарат басшылары мен жауапты мамандарға жұмысты тиімді әрі сапалы ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болмақ.
